РЕСЕЙЛІК УНИВЕРСИТЕТТЕР, ҰБТ БАҒАСЫ МЕН ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕР ТУРАЛЫ «ЖЕЛІГЕ ШОЛУ» АЙДАРЫНЫҢ ЖАҢА САНЫ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ

РЕСЕЙЛІК УНИВЕРСИТЕТТЕР, ҰБТ БАҒАСЫ МЕН ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕР ТУРАЛЫ «ЖЕЛІГЕ ШОЛУ» АЙДАРЫНЫҢ ЖАҢА САНЫ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ

«Желіге шолу» айдарының қонақтары «Болашақ» бағдарламасына ресейлік университеттердің қосылуы, сынама ҰБТ бағасы мен жекеменшік мектепке құжат тарсыру туралы оқырмандарымыздың сұрақтарына жауап берді.

Мәселен, ibek_q есімді желі қолданушысы: «Ресейге бала жіберіп оқытудың қажеті емес. Салық төлеушінің есебінен Ресейге оқытуға қарсымын!»,- деген пікір қалдырыпты. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев оқырманымызды толғандырған тақырыпқа қатысты түсініктеме берді. Вице-министрдің айтуынша, биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түсуге болатын университеттердің саны көбейді. Тізімге жаңадан қосылған жоғары оқу орындарының арасында ресейлік университеттер де бар. Мәселен, осыған дейін 214 оқу орны болса енді 20-дан астам университет қосылып, таңдау мүмкіндігі ұлғайды. Екіншіден, бұл ағылшын тілін жетік меңгермеген, бірақ орыс тілін жақсы білетін жастарымыз үшін шетелде білім алудың тамаша мүмкіндігі,-дейді вице-министр. Ресейлік университеттердің қосылғаны АҚШ, Азия немесе Еуропалық жоғары оқу орындарын таңдауға еш кедергі келтірмейді. Министрлік тек «Болашақ» бағдарламасының географиясын кеңейтіп, жастарға таңдау аясын ұлғайтып берді.

@marzhankb есімді желі қолданушы: «ЕНТ тапсыру тестлер бағасын 2 есеге түсіртемін деген сияқты еді білім министрі, бірақ әлі нәтижесін көріп тұрған жоқпыз 4230 теңге төлеп отырмыз наурызда тапсыратын ЕНТге»-деп жазыпты. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев министрдің тапсырмасы байқау ҰБТ-сына қатысты айтылғанын түсіндірді. Тапсырма орындалып, оның бағасы 2917 теңгеден 1458 теңгеге дейін, екі есе арзандады. Ал, қаңтар, наурыз және тамыз айларындағы ҰБТ жоғары оқу орнында грант бойынша немесе ақылы бөлімде оқуға сертификат беретін болғандықтан науқанды өткізуге арнайы мемлекеттік комиссия мен Ұлттық тестілеу орталығының барлық қызметкерлері жұмылдырылады. Сол себепті бағасы жоғары. Алайда, министрдің тапсырмасынан кейін оның да бағасы қайта қаралып, 5640 теңгеден 4230 теңгеге дейін арзандады.

@elenpape есімді қолданушы жекеменшік мектепке қалай түсуге болатынын сұрапты. ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ департамент директорының орынбасары Олжас Байғожин жекеменшік мектептерге қабылдау комиссиясы арқылы құжат тапсыруға болатынын айтты. Қажетті құжаттар тізімі көп емес: ата-ананың өтініші, баланың туу туралы куәлігі мен 3*4 суреті. Бірақ кей мектептердің қосымша талаптары болуы мүмкін. Тестілеу немесе сұхбаттасу жүреді. Жекеменшік мектепте оқу жөніндегі келісім қабылдау комиссиясы шығарған қорытынды бойынша жасалады. Олжас Байғожиннің айтуынша, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 2019 жылдан бері елімізде 95 мың оқушыға арналған 287 жекеменшік мектеп ашылған.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ