РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАРДА БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАРДА БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Елордада балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық семинар-тренинг өтуде. Оған өңірлік білім басқармаларынан 500-ден астам маман, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың хатшылары, қорғаншылық және тәрбие жұмыстары органдарының басшылары қатысуда.

Семинарда Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспарды іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

«Бұл семинарды өткізу аса өзекті. Себебі, біздің басты міндетіміз – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасау. Соңғы екі жылда министрлік балалар арасындағы буллингтің алдын алу жөнінде нақты шаралар қабылдады. Әсіресе, қиын жағдайға тап болғандарға жете көңіл бөлінуде. Еліміздің 11 өңірінде Психологиялық қолдау орталықтары ашылып, толыққанды жұмыс істеуде. Оған қажет болған жағдайда бала да, педагог те, ата-ана да жүгіне алады. Сондай-ақ зорлық– зомбылыққа, буллингке, кибербуллингке ұшыраған немесе куә болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету әдістемесі әзірленді», - деп атап өтті Еділ Оспан.

Іс-шараға қатысушыларға мектепішілік есеп жүргізу тәртібін реттеу жөнінде әдістемелік ұсынымдар таныстырылды. Сондай-ақ бала қауіпсіздігіне білім беру ұйымының басшысы жауапты екені ескертілді.

«Білім беру жүйесіндегі әр маман кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, құқық бұзушылыққа алып келетін себептер мен жағдайларды анықтау және жоюда маңызды рөл атқарады. Біз білім беру ұйымы мен мүдделі мемлекеттік органдардың әрқайсысы үшін іс-қимыл алгоритмдерін әзірледік. Білім беру ұйымдарының басшыларына уақытылы көмек пен қолдау көрсету бойынша жеке жауапкершілік жүктелген», - деп атап өтті Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Айта кетейік, республикалық семинар-тренинг екі күнге созылады. Оның нәтижесі бойынша барлық өңірге балалардың құқықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жақсарту және бұзушылықтардың алдын алу бойынша ұсыныстар берілетін болады.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ