Семейде 2 студент компьютер тінтуірі үшін оқудан шығып қалды

Семейде 2 студент компьютер тінтуірі үшін оқудан шығып қалды

Бұл жөнінде өзге студенттер әлеуметтік желіде жазған. Олардың үндеуі new_semey Instagram-паблигінде жарияланды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

«Оқиға қаңтар айының басында болды. Семей қаласының медицина университетінде білім алып жатқан 3 курс студенттері компьютер тінтуірін кітапханадан алып, дискуссиялық залға апарғаны үшін оқудан шығып қалды Тым қатал жаза, рас қой? Біз, осы жоғары оқу орнының студенттеріміз, бұндай әділетсіздікке жол бергіміз келмейді және жұртшылық тарапынан көмек іздейміз. Олардың тағдыры бар болғаны компьютерлік тінтуірге байланысты болып тұр. Олар мектепті бітіргеннен кейін өмірін өзгелерге көмектесуге арнағысы келді. Енді қайдағы бір тінтуірдің кесірінен сол арман аяқ асты болмақ. Біз бұл түсініспеушілікті түзеткіміз келеді», ― деп жазады студенттер.

Ал университет тарапы студенттердің тінтіуірді ұрлап кеткенін алға тартып отыр.

– Университет ғимаратындағы бейнебақылау мәліметтері бойынша 3 курс 311 және 307 топтағы 2 студенттің компьютерлік тінтуірді алғаны анықталды. Бейне жазбадан іс-әрекеттің жоспарлы түрде жасалғанын байқауға болады. Қызметтік тексеру барысында студенттерден түсініктеме алынды. Өз түсініктемесінде студенттер тінтуірді «Патологиялық анатомия» пәні бойынша емтиханға дайындалу үшін алынғанын жазды. Одан кейінгі әрекеттерін, себеп-салдарын ашып айтқан жоқ, – деп мәлімдеді ЖОО.

– Өткізілген алдын алу іс-шараларына қарамастан, білім алушылар жауапкершілік пен құқықтық салдарын түсінбеді, сол арқылы университеттің беделі мен имиджіне нұқсан келтірді. Осылайша университет Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы бойынша шаралар қабылдады, ― деп хабарлады Семей мемлекеттік медицина университетінің баспасөз қызметі.

Дереккөз: kaz.altaynews.kz