СОҢҒЫ 2,5 ЖЫЛДА ДУАЛДЫ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ БОЙЫНША ОҚИТЫН КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІНІҢ САНЫ ЕКІ ЕСЕГЕ АРТТЫ

СОҢҒЫ 2,5 ЖЫЛДА ДУАЛДЫ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ БОЙЫНША ОҚИТЫН КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІНІҢ САНЫ ЕКІ ЕСЕГЕ АРТТЫ

Соңғы 2,5 жылда дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алатын колледж студенттерінің саны екі есеге өсті. Бұл жүйені енгізудің арқасында студенттердің практикалық білім алуына баса назар аударылады. Колледждер студенттерге зауыттар мен фабрикаларда оқуға мүмкіндік беретін кәсіпорындармен ынтымақтастық орнатады. Оқытудың бұл форматы практикалық жұмыс тәжірибесі бар білікті және сұранысқа ие мамандарды дайындауға мүмкіндік береді.

Биыл Қазақстанда дуалды оқыту жүйесінің енгізілгеніне 10 жыл толғанын атап өтейік. Бүгінгі күні бұл жүйе еліміздің 536 колледжінде жұмыс істейді. Осы форматтағы кадрларды даярлау 15 бағыт аясында 166 мамандық және 445 біліктілік бойынша жүзеге асырылады: металлургия, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өндіріс және монтаждау, сервис, экономика, көлік және т.б.

«Дуалды оқыту жүйесі білім беру ұйымдарындағы теориялық оқытудың 40%-ын және өндірістегі оқу тәжірибесінің кемінде 60%-ын қамтиды. Былтыр нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізіліп, енді студенттің өндірістік тәжірибеден өткен уақыты оның еңбек өтіліне есептеледі. Орташа алғанда, бұл 6 айдан 1,5 жылға дейін. Бұл түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттырады және олар бұрыннан бар жұмыс тәжірибесімен жұмысқа орналаса алады. Сонымен бірге кейбір кәсіпорындар студенттерге өндірістік тәжірибеден өту кезінде жалақы төлейді. Мысалы, Петропавл машина жасау және көлік колледжі студенттерінің 60%-дан астамы дуалды оқыту аясында нақты орындаған жұмыстары үшін жалақы алады. 2021 жылы студенттердің орташа жалақысы 58 000 теңгені құрады», - деді ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.

Жұмыс берушілердің дуалды оқытуға қатысуын ынталандыру үшін ТжКБ ұйымдарын жан басына шаққандағы қаржыландыруының жаңа әдістемесі әзірленді. Яғни жұмыс берушілердің дуалды оқытуға жұмсайтын шығындары өтеледі, сондай-ақ кәсіпорындарда студенттерді оқытатын тәлімгерлер де еңбегі үшін ақы алады.

Айта кетейік, бүгінде қазақстандық колледждерге академиялық еркіндік берілген. ТжКБ ұйымдары жұмыс берушілермен бірлесіп оқу бағдарламаларын әзірлейді, білім беру бағдарламаларының мазмұны мен оқыту мерзімін өздері анықтайды. Олар сондай-ақ еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес бағдарламаларды дербес қайта қарайды.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ