Еріктілерге сағатына 1000 теңге төленетін болады

Еріктілерге сағатына 1000 теңге төленетін болады

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев еріктілерге шәкіртақының қалай төленетінін айтып берді.

Министр 2019 жылдың Жастар жылы болып жарияланғанын еске салды және «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасы іске асырылатынын жеткізді. «Жалпы, идея ретінде жоба дайын. Қазіргі уақытта оны жоғары оқу орындарымен бірге талқылап жатырмыз.

Аталған жоба аясында студенттер волонтерлік қызметке тартылады. Қысқаша айтсақ, студенттерге келісілген пәндер бойынша екі түрлі ваучер ұсынылады: 2 және 5 кредиттік ваучер. Бұл – 20 немесе 50 сағаттық волонтерлік қызмет және сағатына 1 000 теңгеден төленеді. Үш жылда жобаға қатысатын студенттер санын 20 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Ерлан Сағадиев. Министрліктің хабарлауынша, әлеуметтік студенттік ваучер төмендегі бағыттар бойынша әлеуметтік пайдалы қызметпен айналысатын студенттерге беріледі: 1) инклюзивті білім беру; 2) қазақ тілі, ағылшын тілі, компьютерлік сауаттылықтан қосымша сабақ беру; 3) девианттық мінез-құлқы бар кәмелетке толмаған балалармен жұмыс істеу; 4) аулалық және спорттық клубтарды ұйымдастыру; 5) егде жастағы адамдармен әлеуметтік жұмыс.

Дереккөз: 24.kz