Талапты жас – бесаспап мамандар чемпионаты

Талапты жас – бесаспап мамандар чемпионаты

2016 жылдың 29 сәуірінде Алматы қаласындағы Оқушылар сарайында EXPO-2017 халықаралық көрмесімен ұштастырылған ғылыми-техникалық шығармашылық және робототехника бойынша Алматы қаласының ІІІ ашық чемпионаты өтті. Жарысқа осы салада елімізде алдыңғы орында көрініп жүрген 200-ден аса талапкер оқушы мен студент қатысты.

Жарық үнемдеуіш технологиялар, Инженерлік шығармашылық  жобалар, Роботты техникалар бойынша сарапқа салынған жобаларды бағалау жас ерекшелігіне байланысты жүзеге асырылды. Талапкерлер жұмыстарын саралаған сарапшылар қатысушылардың роботтық техника саласындағы идеяларын айрықша бағалап, жаңа технологиялар жүйесін құрылымдау мен бағдарламалау тәсілдерінің өзіндік ерекшеліктеріне тәнті болғандарын жасырмады.

Сондай-ақ жарыс қонақтары мен қатысушылары үшін Смартфондарды бағдарламалау (Apple, Android), Lego роботты техникасы, 3d баспа технологиясы және дизайн, фото және видеоөнімдерді өңдеу, Интернеттегі кәсіпкерлік, Қосымша нақтылық, Arduino роботты техникасы тақырыптарында шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, кең танымдық үлгіде таныстырылымдар жасалды.

Бұл шарадан Bilim Media Group инновациялық компаниясы да тыс қалған жоқ. Компания оқушылар, колледж және жоғары оқу орындары студенттерінің инновациялық білік деңгейін дамытуға, ынтасын арттырып, серпін беруге арналған осы жиынды ұйымдастыруға белсене атсалысып, Қосымша нақтылық шеберлік сыныбын өткізіп берді. Аталған шеберлік сыныбында 3D пішініндегі оқытушы фильмдер ұсынылып, 4D пішініндегі мобильді құрылғыларға арналған қосымша тәжірибе жүзінде көрсетілді. Бұл қосымша қағаз үлгісінде басылып шыққан адам тәнінің суреті арқылы адам денесінің құрылымы мен жүрек жұмысы туралы толық мәлімет алуға мүмкіндік береді.

Жарыстың қорытындысында жеңімпаз танылғандар дипломдармен марапатталды.

Мұндай игі дәстүрдің ұйымдастырылуы және жалғасты болуы бүгінгі заман ағымының көшіне ілесуге екпін берері сөзсіз. Біз талапты жастардың, жас инженерлердің жобалары бұдан ары жетілдіріле дамып, әлем мойындаған зор өнертабыс саналатынына және оның болашақта ел тұрмысына, өміріне дендеп енер күнінің жақын екеніне сенеміз.