ТАРАЗДЫҚ ОҚУШЫ ҚҰТҚАРУШЫ РОБОТ ОЙЛАП ТАПТЫ

ТАРАЗДЫҚ ОҚУШЫ ҚҰТҚАРУШЫ РОБОТ ОЙЛАП ТАПТЫ

Тараз қаласындағы №7 мектеп-гимназия оқушысы өрт кезінде адамдарды құтқаруға көмектесетін робот ойлап тапты.

9-сыныпта оқитын Вячеслав Кузьмин техникалық- шығармашылық орталықта қосымша білім алады. Төтенше жағдай кезінде көмек болатын құрылғыны осы орталықта тәлімгері Айнұр Сұраншиеваның жетекшілігімен жасап шығарған. Оған «Темір-Батыр» деп ат қойған. Құлтемір өрт кезінде жалынды сөндіріп, қою түтін ішінде қалған адамды да іздеп табады.

«Роботтың алдында кедергілерді итеруге арналған құрылғысы және камерасы бар. Темір-Батырды қашықтықтан басқарып, камера арқылы өрт болған жерді көруге, ультрадыбысты қондырғының көмегімен өрттің қай жерден шыққанын, адамның бар-жоғын анықтауға болады. Роботтың ішіне екі бак орнатылған. Оған жағдайға байланысты көпіршік немесе су толтырылады. Қысым сұйықтықты 5 метр қашықтыққа шаша алады»,– дейді өнертапқыш оқушы.

Вячеслав Кузьмин Темір-Батырды Жамбыл облысының төтенше жағдайлар департаменті мамандарына апарып көрсетпекші. Патент алып, роботты тағы да жетілдіру жоспарында бар.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ