«ТАЗА ПАРАҚТАН» РЕТТЕУ: БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІНЕ ҚОЙЫЛАТЫН 154 ТАЛАП ҚАЙТА ҚАРАЛДЫ

«ТАЗА ПАРАҚТАН» РЕТТЕУ: БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІНЕ ҚОЙЫЛАТЫН 154 ТАЛАП ҚАЙТА ҚАРАЛДЫ

«Таза парақтан» реттеу саясаты шеңберінде білім беру саласындағы 105 нормативтік құқықтық актіге талдау жасалды. Онда бизнес субъектілері үшін қойылатын 8500-ден аса талап бар. Тексеру қорытындысы бойынша жұмыс тобының мүшелері 174 талапты қайта қарау туралы шешім қабылдады.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының айтуынша, бүгінгі таңда Оқу-ағарту министрлігінің 38 нормативтік құқықтық актісіне өзгерістер енгізіп, 154 талап қайта қаралды.

«Мәселен, мемлекеттік аттестаттауды өткізу рәсімдері қайта қаралды. Білім беру ұйымдары үшін есепті құжаттаманы дайындаудың бағаланатын кезеңі 4 жылдан 2 жылға дейін қысқартылды. Мұғалімдердің бейне сабақтарын ұсыну және материалдық-техникалық базаның жай-күйіне бейне шолу жасау бойынша талаптар алынып тасталды. Сондай-ақ ҰБТ және қорытынды аттестаттаудан өту кезіндегі жүктемені ескере отырып, 11 сынып оқушылары тестілеу рәсімінен босатылды. Мемлекеттік аттестаттауды өткізу рәсімінің өзі қолданыстағы жүйелердің деректерін интеграциялай отырып, цифрлық форматқа көшеді», - дейді Комитет басшысы Ернұр Дауенов.

20 талапты қамтитын қалған үш нормативтік құқықтық акт бойынша жұмыс жалғасуда. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы бизнеске жүктемені азайту, оңтайлы және тиімді реттеуші жүйені құру үшін «таза парақтан» жаңа реттеу тәсілі қалыптасқан болатын.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ