Түркияның жоғарғы оқу орындарында тегін білім алудың жолдары қандай?

Түркияның жоғарғы оқу орындарында тегін білім алудың жолдары қандай?

Қазақ жастары үшін әлемнің іргелі оқу орындарында білім алудың сан алуан мүмкіндігі бар.

Түлектер «Болашақ» стипендиясынан бастап мемлекеттік және үкіметаралық ынтымақтастық аясында жасалған келісімдер мен өзге елдердің шетел азаматтарына арналған оқу гранттары арқылы оқи алады. Осы орайда Түркияның жоғарғы оқу орындарында тегін білім алудың жолдары көп.

Қазіргі таңда Түркияда 2000-нан астам Қазақстан азаматы білім алуда. Студенттердің басым бөлігі – түрлі бағдарламалардың грант иегерлері. Олар «Түркия стипендиясы», Түркия ғылым және технологиялық зерттеу мекемесі мен сыртқы істер министрлігі бағдарламалары бойынша білім алады. Отандастарымыз Түрік елінде көбінесе гуманитарлық, техникалық, жаратылыстану және инженерия саласында білімдерін жетілдіріп жүр. Осы орайда Түркия үкіметі «Түркия стипендиясы» бағдарламасы бойынша тіркелу уақыты келіп жетті.

Абдуллах Эрен, шетелдік түріктер және туыстас халықтар басқармасының басшысы:

– Түрік жоғарғы оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттердің 20% – мемлекеттік стипендия иегерлері. Мекемеміз жылда шамамен 150-ге жуық қазақ жастарына грант бөледі. 2019 жылы бұл көрсеткішті одан әрі арттыруды көздеп отырмыз. Себебі қазақ елі – біз үшін бауырлас әрі дос мемлекет. 

Бакалавр, магистратура және докторантура бағдарламаларынан бөлек, университет оқытушылары мен ғалымдар үшін арнайы ғылыми зерттеу стипендиясы қарастырылған.

Абдуллах Эрен, шетелдік түріктер және туыстас халықтар басқармасы басшысы:

– Шетелдік түріктер және туыстас халықтар басқармасының сондай-ақ PhD бітірген немесе докторантурада білімін жалғастырушыларға арналған стипендияларымыз бар. Ол үшін үміткер жоғарғы оқу орнына қабылдануы тиіс. Бұл бағдарламаға шамамен айына 600 доллар көлемінде шәкіртақы тағайындалған.

Сондай-ақ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» мен Түркия университеттері арасында жасалған келісімшарттар шеңберінде Қазақстан азаматтары үшін бірқатар университет тарапынан қосымша гранттар беріледі. Бұдан бөлек, Халықаралық қазақ-түрік университеті, өкілетті кеңес басқармасы жылда докторантура бағдарламасы бойынша бірнеше грант бөледі.

Ержан Арғынбаев, Гази университетінің докторанты:

– Бұл шәкіртақымен бүгінге дейін 80-ге жуық магистрант, 30-ға жуық докторант білім алды. Қазіргі таңда да Кайсери және Анкара қалаларында 30 докторант білім алып жатыр. Ясауи университеті бұл студенттерге ай сайын 430 доллар шәкіртақы және жылына Қазақстанға барып қайту билеттерін алып береді.

Жалпы қазақ жастары Анадолы жеріндегі оқу орындарында 1992 жылдан бастап білім алады. Қазірде бұл жердің түлектері – еліміздің алдыңғы қатарлы мекемелерінің жетекшісі, өз ісінің білікті маманы.

Дереккөз: 24.kz