«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында еліміздегі Келешек мектептерінде үзіліс кезінде ұлттық ойындар ойнау тәжірибесі жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бастама оқушылардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастырудың жаңа тәсілі ретінде енгізілді.
Мәселен, Астана қаласындағы №92 мектепте дәліздің бір бөлігі ұлттық ойындарға бейімделіп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Осының нәтижесінде оқушылардың ұлттық болмысты тануына және өскелең ұрпақ арасында тарихи-мәдени мұраларға құрмет қалыптастыруға жол ашылды.
Сонымен қатар, ұлттық ойындар арқылы оқушылардың ойлау қабілеті, логикасы, қарым-қатынас дағдылары дамып, ұжыммен жұмыс істеу мәдениеті қалыптасады.
«Ұлттық ойындар баланың танымдық қабілетін дамытып, серіктестікке, әділдікке және топпен жұмыс істеуге үйретеді. Сонымен қатар, оқушылар арасында коммуникация мен ұжымдық қарым-қатынас нығаяды. Бүгінде төмен, орта және жоғары буын оқушылары бұл бастамаға ерекше қызығушылық танытып отыр. Тіпті, мектепішілік жарыстар ұйымдастырылып, үздіктер марапатталды», – дейді №92 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алуа Кизатуллина.
Еске сала кетейік, Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА-ның 2025–2026 оқу жылына арналған әдістемелік-нұсқау хатында ұлттық ойындарды үзіліс кезінде ұйымдастыру білім беру ұйымдарына ұсыным ретінде көрсетіліп, оны іске асырудың нақты тетіктері айқындалған болатын.
Құжатқа сәйкес, 1–11-сынып оқушылары асық ату, тоғызқұмалақ, бестас, ханталапай, арқан тартыс сынды қазақ халқының дәстүрлі зияткерлік және қимыл-қозғалыс ойындарымен шұғылдана алады.