Ұстаздар күні қарсаңында педагогикалық еңбекті отбасылық дәстүрге айналдырып, бірнеше буын бойы білім саласында қызмет етіп келе жатқан әулеттерді таныстыруды жалғастырамыз. Бүгінгі кейіпкерлеріміз - жалпы педагогикалық еңбек өтілі 207 жылдан асатын жетісулық Жапақовтар әулеті.Әулеттегі ұстаздық жол Мәли Жапақұлынан бастау алады. Математика пәнінің мұғалімі еңбек жолында мектеп директорының орынбасары, кейін 26 жыл мектеп директоры қызметін атқарды. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа буын оқулықтарын алғашқылардың бірі болып сынақтан өткізуге қатысып, кейін Қыздар педагогикалық университетінде дәріс берді. Оның педагогикалық еңбек өтілі - 43 жыл.Жұбайы Мәрия Баймырзаева да саналы ғұмырын білім саласына арнаған ұстаз. География және биология пәндерінің мұғалімі ретінде 36 жыл еңбек етіп, Қазақстан Республикасының оқу-ағарту ісінің үздігі атанды.Ұстаздық жолды олардың қызы Майгүл Мәлиқызы Жапақова жалғастырды. Ол 30 жылдан астам уақыт қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді. Майгүл Мәлиқызының жұбайы Асет Илимнурович Байбеков те білім саласында 20 жыл қызмет етіп, балалар көркемсурет мектебінде ұстаздық еткен.Мәли Жапақұлының ұлы Сабыржан Малиевич Жапаков та ұстаздық жолды таңдаған. Заңгер, PhD докторы жоғары оқу орындарында 22 жыл еңбек етті. Оның жұбайы, әулеттің келіні Қорлан Исаханқызы қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі және лингвистика бағыттарында білім алған PhD докторы. Оның педагогикалық еңбек өтілі - 21 жыл.Әулеттің келіндері де ұстаздық дәстүрді жалғастырып келеді. Орал Өмірханқызы Саймасаева бүгінде мектепте ұстаз әрі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Оның педагогикалық еңбек өтілі - 23 жыл. Ал Айнұр Қуанышбекқызы Мекебаева Алматы қаласындағы №182 жалпы білім беретін мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Оның педагогикалық өтілі - 11 жыл.Осылайша, Жапақовтар әулетінде ұстаздық жол ата-анадан балаға, одан отбасының кейінгі мүшелеріне жалғасып келеді. Әулеттің жалпы педагогикалық еңбек өтілі 207 жылдан асады. Бұл - бірнеше буынды біріктірген еңбек пен білімге деген адалдықтың айқын көрінісі.
Жетісулық Жапақовтар әулеті: 207 жылға жалғасқан ұстаздық жол
2
0
0
30.09.2026
Бастапқы дереккөзге сілтеме:
ҚР БжҒМ