Жобалық жұмыс 2019

Байқау туралы

«Жобалық жұмыс» онлайн-байқауын өткізудің ережелері

Байқау 2018 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің (29.11.2018 ж. №656 бұйрық) «Ұсынылған пәндік олимпиадалардың, кәсіби конкурстардың, ғылыми жобалардың, спорттық жарыстардың және басқа да шығармашылық іс-шаралардың тізбесіне» кірді.  

Мақсаты:

  • оқушыларды ғылыми жоба жұмыстарын әзірлеу мен АКТ-ның мүмкіндіктерін белсенді пайдана білуге ынталандыру;
  • оқушылардың бойындағы ғылыми-шығармашылық, ғылыми-зерттеушілік қабілеттерді дамытып, ғылымға деген қызығушылықтарын ояту;
  • оқушылардың гуманитарлық, жаратылыстану-математикалық, технологиялық, ақпараттық салаға деген қызығушылықтарын арттыру;
  • ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге бейімі бар дарынды оқушылар мен мұғалімдер арсында шын жүйрікті анықтап, марапаттау.

Байқауды өткізу тәртібі мен мерзімі

Мерзімі: 2019 жылдың 6 наурыз бен 1 шілде аралығы.

Байқау шарттары:

Байқау жұмыстарының байқау талаптарына сай болуы жеткілікті. Ал жобаның құрылымы мен безендірілуі авторлардың өз құзіретінде. Байқауға қатыса отырып, қатысушылар BMG компаниясына байқау жұмыстарын, дәлірек айтсақ, видео және электронды-мәтіндік материалдарын толық немесе ішінара bilimland.kz сайтында және әлеуметтік желілерде жариялауға рұқсаттарын береді.

Байқауға қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі ғылыми жұмыстар қабылданады.

Байқауды ұйымдастыру:

Байқау жұмыстарын арнайы құрылған тәуелсіз комиссия мүшелері бағалайды.

Байқауға 2 аталым ұсынылған:

  •     Кіші топ: 1–7 сыныптар аралығындағы оқушылардан құралған топ.
  •     Жоғарғы топ: 8–12 сыныптар аралығындағы оқушылардан немесе арнайы орта білім беретін мекемелердің 1-2 курс студенттерінен құралған топ.

Байқаудың жүлде қоры – 400 000 теңге. Байқаудың жеңімпаз топтары арнайы диплом және 200 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталады.

Комиссиясы мүшелері үздік деп тапқан 30 жобаның жетекшілеріне алғысхаттар, ал оқушыларға байқауға қатысқанын растайтын сертификаттар беріледі.

Жұмыстарды қабылдау:

2019 жылдың 6 наурызы мен 20 мамыры аралығында bilimland.kz білім беру порталында жүзеге асады.

Байқау жұмыстарын бағалау мерзімі:

21 мамыр – 20 маусым, 2019 жыл.

ҚОРЫТЫНДЫ

Байқау қорытындысы 2019 жылдың 1 шілдесіне дейін www.bilimland.kz порталында және әлеуметтік желілердегі арнайы парақшаларда жарияланады.

2019 жылдың 10 шілдесіне дейін жеңімпаздар марапатталып, электронды форматтағы дипломдар, алғысхаттар, сертификаттар мен сыйлықтар табысталады.

Байқау талаптары

Байқауға қатысушылар

Байқауға кімдер қатысады?

Байқауға бастауыш, орта және арнайы орта білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін мұғалімдер (жоба үйлестірушісі ретінде) мен  оқушылар/студенттер (2-ден көп емес) қатыса алады.

Қатысушылардың жас мөлшері: 1-сынып оқушысынан, 2 курс студентіне дейін.

Байқауға қатысушылардың тұрғылықты жері: Қазақстан Республикасы.

Қатысу шарты:

Ғылыми жаңалығы бар, өзекті мәселелерді қамтыған, АКТ-ның барлық мүмкіндіктерін, әсіресе  білім беру ресурстарын пайдалана отырып әзірлеген бірегей зерттеу және жобалық жұмыстар. Таңдап алынған жобалық жұмыстың жазбаша жоспарын Microsoft Word форматында (А4 форматында 20 бетке дейін), ал жұмысты қорғайтын бейнематериалды видео форматында (15 минуттан аспауы тиіс) жолдау қажет.

Байқау форматы:

Байқау қашықтықтан қабылдау түрінде өтеді. Жұмыстар bilimland.kz сайтының байқау бөлімінде қабылданады.

Назар аударыңыздар! Компанияның немесе байқау ұйымдастырушыларының e-mail поштасына жолданған жұмыстар байқауға жіберілмейді.

Байқау шарты:

Байқауға bilimland.kz, itest.kz, twig-bilim.kz, imektep.kz, kitap.kz, khanacademy.org, ted.com, e-history.kz және т.б. білім беру ресурстарының материалдарын пайдаланып жасаған ғылыми жоба жоспары ұсынылады.  

Байқау жұмыстарына қойылатын талаптар:

  • жобалық жұмыс тақырыбының өзектілігі және оның нақты мақсаты мен міндетінің болуы;
  • өзге байқауларда/олимпиадаларда жүлделі орынға ие болған жұмыстар қатыстырылмайды;
  • тәжірибеде қолданылуы;
  • ерекше талғаммен безендірілуі;
  • автор идеясының ерекшелігі (зерттеу мәтінінің бірегейлігі 70%-дан кем болмауы керек);
  • жобаға пайдаланған әдебиеттер тізімі мен электронды ресурстардың сілтемесін көрсету;
  • авторлық құқықты қатаң сақтау.
Жобалық жұмыс

Ғылыми-зерттеу жұмыстарын безендіруге қойылатын талаптар:

  1.   Мәтінді компьютерде теру. Оң және сол жақ баған  – 2 см, астыңғы және үстіңгі баған – 1,5 см. Шрифт – Arial, кегль – 12, жоларалық интервал – дара (одинарный), парақтың өлшемі – А4. Сондай-ақ мәтінді көркемдеуде азат жолдың қатаң сақталуын қадағалау қажет.
  2.   Ғылыми-зерттеу жұмысы 2 бөлімнен тұрады: 1-бөлім – теориялық, 2-бөлім – практикалық.
  3.   Зерттеу жұмысының кіріспесінде тақырыптың өзектілігі мен көтерілетін мәселесі талқыланып, оны зерттеу жолдарын, болжамы, нысанын нақты көрсету (2 беттен көп емес).
  4.   Зерттеу жұмысының қорытындысында жобаның жаңалығы ашылып, зерттеудің нақты нәтижесінің болуы (2 беттен артық емес).
  5.   Жұмыс көлемінің 20 беттен аспауы.
  6.   Жұмысты зерттеуде пайдаланған әдеби және электронды дереккөздер тізімін көрсету. Жұмыстың кез келген кезеңінде BilimLand ресурстарын мүмкіндегінше молынан пайдалану ұсынылады.
  7.   Жұмысты әзірлеуде кестелер мен диаграммаларды, суреттер мен сан алуан кескіндемелерді пайдаланған абзал.
  8.   Ғылыми тәжірибелер мен зерттеу нәтижелерінің ерекше (уникальный) болуы. Барлық жұмыстарплагиатқа тексеріледі.

Видеоға қатысты ескерту:

Байқауға жіберілетін видеоларға қойылатын талаптар:

  • сапалы видео – бейненің анық, ал дыбыстың таза шығуы;
  • өзі жайында әңгімелеу (барлық қатысушының өзі жайлы қысқа да нұсқа мәлімет беруі);
  • жобалық жұмыстың тақырыбы мен маңыздылығы туралы әңгімелеу;
  • зерттеу өткізу немесе жобаның моделін/прототипін құру кезеңдерін көрсету;
  • жобаның кез келген кезеңіне АКТ ресурстарын пайдаланғанын көрсету;
  • жобалық жұмыста АКТ-ны қолданудың маңыздылығы мен өзектілігі жайлы әңгімелеу және зерттеуді қорытындылау.

Алайда жұмыстың берілу тәртібі мен безендірілуі автордың қалауы бойынша жүзеге асуы тиіс.

Видеоның көлемі 15 минуттан аспауы керек, видео форматы: mp4.

Жалғастыру үшін «Келесі» батырмасын басыңыз

Мақалалар