Заманауи технологиялар және ШЖМ-дағы педагогтердің кәсіби шеберлігі

Заманауи технологиялар және ШЖМ-дағы педагогтердің кәсіби шеберлігі

2019 жылдың 25 мамыры күні Шығыс Қазақстан облысына қарасты Шалабай ауылында оқу жылының аяқталуына орай ұйымдастырылған салтанатты жиында «Жаңашыл мұғалім-2019» байқауының «Шағын жинақты мектептегі (ШЖМ) АКТ» аталымы бойынша жеңімпазды марапаттау рәсімі болып өтті. Биыл топ жарып алға шығып, өзгелерден оза шапқан Н. Крупская атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жамантаева Ельмира Тургалиевна болды.

Бастапқыда осы аталым бойынша бағалау үшін қазылар алқасына қазақ және орыс тілдерінде 66 жұмыс жіберілген болатын, оның 19-ы мәреге шықты. Сараптама кезінде қазылар алқасы 2-ші және 3-ші сыныпты біріктірумен өткен «Су жайлы не білеміз? Ауаның жануға әсері» тақырыбындағы сабақты ең үздік деп таныды.

Шағын жинақты сыныптардағы мұғалімнің сабақты ұйымдастыру барысындағы жұмысы өзінің әралуандығымен ерекше: көбіне мұғалімдерге сабақ берудің әдіс-тәсілдерін ойлап табуға тура келеді. Шағын жинақты мектептегі оқыту тәжірибесі үлкен мектептерге қарағанда айтарлықтай өзгеше.

Bilim Media Group компаниясы ШЖМ-ны цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударып, Интернет жылдамдығы баяу немесе мүлдем жоқ ауыл-аймақтарға BilimLand ресурстарын тиімді қолдануға арналған офлайн шешім ұсынады. Осы орайда 2018 жылы Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы шағын жинақты мектептерге 1 500 BilimBook оқыту құрылғысы жеткізілген болатын. Компаниямыз алдағы уақытта да еліміздің өзге де елді мекендердегі шағын жинақты мектептерді оқыту құрылғыларымен жабдықтауды жоспарлап отыр.

ЖАМАНТАЕВА ЕЛЬМИРА ТУРГАЛИЕВНА
Конкурс
Облыс, елді мекен: ШҚО, Жарма ауданы, Шалабай ауылы
Мектеп: Н. Крупская атындағы орта мектеп
Пән: бастауыш сынып
 
Сынып: 2, 3
Сабақ тақырыбы: «Су жайлы не білеміз? Ауаның жануға әсері»
Жұмыс тілі: орыс
 
Жүлде: Жеңімпаз дипломы және 500 000 теңге
 
 
 
 

 

«Сабақ көркем безендірілген; оқушылар сабақта зерттеушілік әрі танымдық әдістерді қатар алып жүре білген; Сабаққа оқушылар аса белсенді қатысқан, көңіл күйлер де көтеріңкі, жалпы сыныпта жайлы атмосфера ерекше сезіледі. Мұғалім сабақтың өн бойында АКТ-ны ұтымды пайдалана білген. Әртүрлі оқыту әдістерін, мысалы сыныпта талқылау, видео көру, тест тапсырмаларын жүйелі түрде пайдаланған. Бұның барлығы оқушының ойлау қабілетін дамытып, педагогтің алға қойған мақсаты мен міндетіне жетуіне қол ұшын береді», – дейді қазылар алқасының мүшесі әрі «Жаңашыл мұғалім-2018» байқауының ШЖМ-дағы АКТ аталымының жеңімпазы Исабекова Айгүл Қайырбайқызы.

Шағын жинақты мектептерді интерактивті білім берудің заманауи құралдармен қамтамасыз ету мәселесі білім беру процесінің барлық деңгейінде шешім қабылдауды талап етеді. Мұғалімдердің осы аталымға белсенді түрде қатысуы ШЖМ-да жаңа технологиялардың көмегімен балаларға білім беруге дайын екенін білдіреді. Жылдан жылға қатысушылар саны қарқынды түрде өсіп келе жатқан «Жаңашыл мұғалім» байқауын ұйымдастыра отырып, біз еліміздің барлық аймағында заманауи білім беруді дамытуға өз үлесімізді қосудамыз деп үміттенеміз.

Жеңімпазды жеңісімен құттықтаймыз! Шығармашылық табыс, кәсіби өсу және жаңа биіктерді бағындыруын тілейміз!