ҒЫЛЫМДАҒЫ НӘЗІК ЖАНДАР: ҚАЗАҚСТАНДЫҚ УНИВЕРСИТЕТТЕГІ ЕҢ ЖАС ӘЙЕЛ-ПРОРЕКТОР

ҒЫЛЫМДАҒЫ НӘЗІК ЖАНДАР: ҚАЗАҚСТАНДЫҚ УНИВЕРСИТЕТТЕГІ ЕҢ ЖАС ӘЙЕЛ-ПРОРЕКТОР

Темербаева Айжан Маратқызы – қазақстандық ғылым саласындағы ең жас әйел-проректор. Ол - Қарағанды техникалық университетінің провосты.

Айжан Темербаева әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да, Назарбаев университетінде, Нью-Йорктегі Колумбия университетінде оқып, 30 жасында үш мәрте магистр дәрежесін иеленген. Сондай-ақ докторлық диссертациясын сәтті қорғап, білім саласындағы PhD дәрежесін алды. Ғалымның диссертациясының тақырыбы қазақстандық жоғары оқу орындарында ғылыми кадрларды даярлауға бағытталған.

Айжан Маратқызы «Жастар іс-тәжірибесі» бағдарламасын зерттей келе, мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу барысын жақсарту бойынша ұсыныстарын дайындады. Ол ғылыми капиталды дамыту бойынша ұлттық және халықаралық жобаларға белсенді түрде араласады. Жас ғалымның ғылыми еңбектері рейтингі жоғары халықаралық журналдарда жарияланған.

Сондай-ақ ол - Жас ғалымдар альянсын құрушылардың бірі. Елімізде ғалымдар пікір алмасатын алғашқы алаңға айналған ұйымға ғылымның әртүрлі саласынан 300-ден астам жас зерттеуші мүшелік етеді. Альянс жас ғалымдарға қолдау көрсетеді және жобаларды жүзеге асыруға көмектеседі. Осы уақытқа дейін 20-дан астам жас ғалым грант ұтып алды.

«Мен үшін докторлық бағдарламаларды насихаттау маңызды. Шетелде PhD докторлары 100% зерттеу әдәстемесін меңгерген адам болуы керек, тиісті халықаралық деңгейде зерттеу жүргізе алатын және еңбектерін әлемдік журналдарда жариялай алатын мүмкіндігі болуы тиіс. Қазіргі таңда ғалымдарға әлеуетін арттыруға заңнамалық және материалдық тұрғыда жақсы жағдай жасалып жатыр. Отандық ғылымды дамытуға үлесімді қосқым келеді», — деді Айжан Темербаева.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ