Шеберлік сағаты-2018

Шеберлік сағаты-2018

Шеберлік сағатының мақсаты – цифрлық технологияларды жаңартылған білім беру мазмұнында тиімді қолдану бағытында сала мамандарымен тәжірибе алмасу, ой бөлісу, сондай-ақ қатысушыларды компанияның жаңа өнімдерімен таныстыру.

Биылғы шеберлік сағатында компания ұжымы жаңа форматтағы тест сұрақтарымен толыққан және оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, АҚҚ сияқты жаңа пәндер қосылған жаңартылған iTest сайтын таныстырды. Сондай-ақ мектеп пәндері бойынша оқу бағдарламасының жаңартылған мазмұнына сай, жаңа интерактивті сабақтар ұсынатынын хабарлады.

Bilim Media Group компаниясының Білім басқармалары мен әдістемелік орталықтар әдіскерлері, жалпы білім беру саласы мамандары үшін жыл сайын өткізетін шеберлік сағаты биылғы жылы басқаша форматта өтті. Жаңа форматта ұйымдастырылған шеберлік сағатында дәстүрлі «Жаңашыл мұғалім» байқауының жеңімпаздары және пилоттық жоба мектептерінің мұғалімдері цифрлық ресурстарды, оның ішінде bilimland ресурстарын оқыту процесінде қолдану бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Bilimbook құрылғысын шағын жинақты мектепте пайдалану тиімділігін пилоттық мектептен келген мұғалімдер көрсетсе, байқау жеңімпаздары оқыту процесінде білім беру ресурстарын оңтайлы қолдануды нақты сабақтар арқылы көрсетті. Осылайша шеберлік сағаты itest.kz жаттықтырғышы, шағын жинақты мектептегі bilimbook құрылғысы, bilimland.kz сайтындағы жаратылыстану-ғылыми бағыттағы пәндер, бастауыш мектеп және тәрбие жұмысы тақырыптарын қамтыды. Айта кетерлігі, өткен жылдың қыргүйек айында пилоттық жоба бойынша үш шағын жинақты мектепке орнатылған компания құрылғысы қатысушылардың ерекше қызығушылығын оятты. Құрылғыны оқыту процесінде қолдану және оның артықшылықтары туралы осы мектептерден келген практик мұғалімдердің өздері баяндап, іс жүзінде көрсетті.

Сондай-ақ аталған шарада кәсіби мамандар оқыту процесінде bilimland.kz ресурстарын қолдану бойынша өзара пікір алмасып, ұсыныстарын білдіріп, шеберлік сағатын әдемі тәжірибе алмасу алаңына айналдырды. Сонымен бұл шеберлік сағатында жаңартылған білім беруде цифрлық ресурстарды қолданудың маңызы зор екені анықталып, мақсат айқындалды.

Осындай шеберлік сағаттарын алдағы уақытта да жүйелі түрде өткізіп тұрамыз деген ойдамыз, себебі дәл осындай кездесулердің берері мол. Білім саласы мамандарымен бірлесе атқарған іс әрқашан нәтижелі болмақ.